Опрос

At what level is your Kazakh?На каком уровне ваш казахский язык?Қазақ тілін қаншалықты меңгергенсіз?

Просмотреть результат

Loading ... Loading ...
Подписка на рассылку

(Казахский) Нұрлан ҚОЯНБАЕВ, продюсер: Қазақы қалжыңның өз формуласы бар

- Нұрлан, осы сұхбатқа ке­лісу үшін саған тікелей телефон шалу мүмкін болмады. Бұл та­бынушылардың жиі соққан теле­фонынан қашу ма, әлде «жұлдыз ауруының» синдромы ма?
- Жоға, о не дегеніңіз? Деген­­мен әрбір өнер адамы «жұл­дыз ауруын» сезінбесе де бол­майды. Сахнаға шығу, көп­­ші­ліктің ал­дында өз өнеріңді паш ету екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ және таны­мал­дық адамға әрқилы әсер ет­пей қоймайды. Әйтсе де мен «жұл­дыз ауруына» шалдыға­тын кезеңнен өтіп кеттім деп айта аламын.
- Кейінгі кезде телевизия са­ла­сына тікелей ден қойған сияқ­тысың.
- Иә, қазіргі негізгі жұмысым телевизия саласында. «31 ар­на­да» ойын-сауық бағдарлама­ла­рының атқарушы продюсерімін. «Әзіл студио» бағдарламасын дайындап, көпшілікке ұсынып келеміз. Бұл бағдарламаның бас­ты мақсаты – көрерменге маңызды және күнделікті әзіл жеткізу. Негізі, күнделікті әзіл-қалжыңға негізделген бағдарла­маны дайындап, эфирге шығару оңай емес. Дегенмен біз күнде­лік­ті шығып отыру жайлы ал­дымызға мақсат қойдық. 2010 жылы 1000-ға жуық, былтыр 1200-дей сюжет дайындадық. Ал биыл 1400 сюжет дайындамақ ойымыз бар. Бұл өте көп. Соған лайық жұмыс жасау керек.
Жақында Қазақстан КТК ко­мандасы болып Лондонда кон­церт қойып қайттық. Сол жақтан да біраз сюжеттерді тү­сір­дік. «Әзіл студио» бағдарла­масы Тайландқа арнайы барып 10 күндей болып, 7-8 бағдарлама түсірген болатын. Негізі, қыз-жігіттерге бұл сапар ерекше ұна­ды. Тағы да наурыз айында Тай­ландқа немесе Малайзияға ба­­­рып бағдарламалар дайындап қайтсақ деген жоспарымыз бар.
«Әзіл студио» бағдарламасы Қазақстан бойынша табысты бағдарлама болып тұр. Дегенмен продюсер ретіндегі бағдарламаға беретін бағам әлі де болса өзім ойлаған деңгейге жеткен жоқ. Оның деңгейін көтеру үшін алға қойған біраз жоспарларымыз бар. Көптеген көрермендер «Әзілдерің жақсы, үлкен-кіші болып отырып ұялмай көре алатын бағдарлама» деп пікірін білдіріп жатады. Оған әрине, қуанып қаласың.
Сондай-ақ қазір осы арнада «Ризамын» деген бағдарламаны эфирге шығара бастадық. Бұл бағ­дарлама таза өзіміздікі деп айта алмаймыз, әлемнің бірқатар елде­рінде бар. Біз өз бағдарламамызға көпшілікті тартқымыз келді. Әр­кімнің отбасында, жұмысында не­ше түрлі жағдайлар болып жа­тады, соған қарамастан, көңіл кө­те­ріп, бір сәт серпілгісі келетіні рас.
- Жасырын камера арқылы тосыннан түсірілген мұндай кадр­ларды көпшілік қалай қабылдайды? Біз менталитетіміз ерекше, салмақ­ты халықпыз ғой.
- Теледидардан көргенді жақ­сы көреді, бірақ өзі сол жағдайға түсіп қалғысы келмейді. «Ұят бо­лады» деген мәселені алдына қойып тұратын халықпыз ғой. Біз ешкімнің намысына тиетіндей сюжет жасамаймыз, көбі расында да риза болып күледі, түсінеді. Жігіттерге «Жоба елді қолайсыз жағдайға қалдырмауы керек, күл­діртуі тиіс. Актер өзі қолайсыз жағ­­дайда болып, кейіпкер сол жағ­дайға баға беруі керек» деп ескертіп отырамын. Кейіпкер­лер­дің көбі түсінеді, мәре-сәре болып шын ықыласымен күледі. Біздің мақсатымыз – біреудің намысына тию емес, тек халықтың көңілін көтеру, әзілдесу. Қазір оның да пәлсапасын ойластырып жатыр­мыз. Расында да біздің халықтың менталитеті ерекше, бізге кез кел­ген жоба келе бермейді. Бұл бағ­дарламаның да рейтингі өте жоға­ры. «Ризамын»-ның актер­лері, сце­наристері, режиссерлері – бәрі қазақтар. Бірақ жасырын камера­ның бір жақсы жері онда тіл жоқ, сондықтан да оны қай ұлт болса да көре береді.
- Айтайын деген ой айтпаса да түсінікті.
- Иә. Қазір бұл бағдарламаға көрермендердің ықыласы өте жақсы. Аталмыш бағдарлама­лар­дың сәтті шыққандығынан болар арна маған тағы да жаңа жобалар­ды жүзеге асыруды сеніп тапсы­рып отыр.
Соңғы 10 шақты жылда КТК-да ойнадым, басқа арналарда жүр­гізу­ші, актер болдым, ал про­дюсер­лік жұмыста алғашқы жо­­ба­ла­рым. Сол себепті әр жо­ба­ның сәтті болуы үшін мен барын­ша жұмыс жасауға тырысамын.
- «Ризамын» бағдарламасын түсіру барысында ренжіп қалып, жұдырық ала жүгірген жігіттер бол­ған жоқ па?
- Ондай жағдайлар да кездесті. Егер кейбір кісілер «эфирге шығу ұнамайды» десе алып тастаймыз. Өйткені «қалай да бәрін бірдей көрсете береміз» деген бізде мақ­сат жоқ. Шындығына келгенде, 80-90 пайызы өте риза болып жа­тады. Біз ойынға түсіп қалған кө­рермендерге сыйлық беру жағын да қарастырып жатырмыз. Бір жа­ғынан эфирге шығып, екіншіден, сыйлық алып жатса, бұл қуаныш емес пе? Бірақ мұның бәрі қар­жылық жағдайға байланысты.
- Негізі, өзің Қызылорда облы­сының Шиелі ауданының тумасы екенсің. Шиеліліктер сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жақын, шымшып сөйлегенге шебер болып келеді. Сен ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірсең де өмірдің өзі айналып осы әзіл-қалжың бағдарламаларын дайындауға алып келіп жатқаны да тектен-тек емес сияқты…
- Шиелі – қазақы дәстүр сақ­тал­ған киелі жер. Адамның қа­лып­тасуына отбасы, туған жері, ортасы сөзсіз әсер етеді. Расында менің сахнаға бейімделуім мектеп қабырғасынан басталды. Мен көп кісі жиналған кезде өзіме тиесілі образды жақсы ойнап шығатын сияқтымын. Адам аз болса бір­түрлі олқысынып, ашыла алмай тұрамын. Адам көп жиналған кез­де халықпен іштей бір байланыс барын сезініп тұрасың. Біз Мәс­кеуде сахнада әзіл айтып тұрып та «Осыны әжеміз, апа-қарындас­тарымыз қарап отыр. Артықтау ке­тіп, ұят болып қалмасын» де­ген­­ді ойлап тұрамыз. Бұл – нағыз ауыл­дың тәрбиесі.
- Өткен жылы Ақпарат және байланыс министрлігінің тапсыры­сы бойынша «Туған өлке» бағдар­ламасы ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында талантты жастар жайлы деректі фильм түсірді. Сол таңдаудың бірі саған түсіпті. Бұл да жауапкершілікті арттыра түскен бо­лар?
- Мұндай ұсыныс болғанда шын­дығында мен «бүкіл ауылды шулатпай, ағайын-туыспен бірге түсірсек те болады ғой» деп тар­тыншақтадым. Мен Алматыда, Мәс­кеуде қанша танымал болсам да, біздің Шиелінің өз заңды­лық­тары бар. Осы деректі фильмге түсерде «Болдым-толдым» деген сияқты біртүрлі ұят санадым. Де­генмен әр бағдарламаның өз міндеті бар ғой, арна сол бойынша жұмыс жасады. Бірақ мен ауыл ақсақалдарының алдында біртүрлі қысылып, ыңғайсыздандым. Әйт­се де бұл деректі фильм маған үл­кен ой тастап кетті, үлкен жауап­кершілікті мойныма жүктеді деп айта аламын.
- 7 сыныпқа дейін орыс мек­те­бінде оқып, сосын қазақ сыны­бына ауысыпсың. Бұған үйдегілер­дің ықпалы болды ма, әлде өз еркіңмен шешілген мәселе ме?
- Менің ауылымда кәріс, ше­шен, неміс сияқты көпұлтты ха­лық тұрды. Олар Кеңес Одағы ке­зінде бұл жерде қоныстанып қалған. Бәрі тату-тәтті өмір сүрді. Біздің ауданда 3-4 орыс мектебі болды. 1991 жылы еліміз егемен мемлекет болды. Сол кезде Бақыт Әлиев деген досым екеуіміз қазақ мектебіне ауысамыз деп шештік. Алғашында әрине, қиын болды, бірақ сол кезде дұрыс шешім қа­былдадық деп ойлаймын.
- Өнер адамдарының арасында қызғаныш басым болады дейді. Сіздердің орталарыңызда неше жылдан бері бірге келе жатқан жастары да шамалас жігіт-қыздар. Өзара теке тірес жиі болып тұра ма, әлде түсіністік басым ба?
- Ұжым болғаннан кейін бәрі болады. Дегенмен жаға жырты­сып, көз шығаратындай әрекеттер болып көрген емес. КТК-ның бізге үйреткені, бергені көп. Біз бір-бірімізбен тіл табысып жұмыс жасауды үйрендік. Өйткені КТК-да әрқайсысың әр жаққа тартып тұратын болсаң жеңіс атаулының ауылы алыс. Біздегі қыз-жігіт­тер­дің бәрі 10-15 адам болып жұмыс жасауға үйренген. Әрине, әрқай­сысының пікірі, көзқарасы бар, дегенмен ортақ мәселеге келгенде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымдасып жұмыс жасап кете аламыз. Қазіргі біздің командадағы қыз-жігіттер табиғи жолмен іріктеліп, сараланып осы қазіргі деңгейге келдік. Сондықтан да өзара түсінісу басым, бір-бі­рімізді қас-қабағымыздан, ыммен түсінеміз деуге болады. Әсіресе, Мәскеуге барып, КТК-ға қатыс­қан кезде ұйымдастыру жұмыс­тары, декорация, бәріне жүгіруге тура келеді. Әрқайсымыз коман­даның жеңісі үшін жанталасып үлес қосуға тырысатынбыз. Бұл бізге үлкен мектеп болды. Масля­ковтың КТК-сына қатысып жү­ріп біз режисерлікті, сценарий жазу­ды, сахнада өзіңді ұстау, же­тістікке жетуге тәрбиеленіп шық­тық. Біз­дің қыз-жігіттер жан-жақ­ты, әм­бебап мамандар.
- Рөлге таласу болып тұра ма?
- КТК-да рөлге таласу деген мүлдем болмайды, біздің мақсат – команданың жеңісі. Сондықтан да әрқайсысы өзінің қолынан келгенін аянып қалмайды. Кейде команда болып Мәскеуге бара­мыз, бірақ бағдарламаның шарты­на сәйкес жұмыс жасағанда рөл, сөз жетіспей қалады. Бірақ ешкім ренжімейді. Өйткені біз бірге келе жатырмыз, бізде жеңіс те, қуаныш та бірге.
- 50 жылдық тарихы бар Ресей КТК-дан өзге ұлттарды көріп, «неге біздің қазақ командасы шық­пайды?» деп қызығатынбыз. Сен­дер­дің командаларың КТК тари­хында екінші орынға дейін қол жет­кізді. Мұның өзі үлкен ерлік деп бағалауға болады. Қазір сендер КТК-да ойнауды тоқтат­тыңдар. Де­генмен қаншама жас­тар осы са­лада өз бақтарын сынап жүр. Олар сендерден ақыл-кеңес сұрайтын кездері бола ма?
- Қазақстанда КТК-ның бо­ла­шағы бар. Бұл жерде ең бірінші керегі команданың ауызбіршілігі, ынтымағы. Қазақтар ұйымшыл ұжым бола алады. Өйткені отба­сының өзінде көпбалалы болу, топ болып дастарқанға отыру, үнемі қонақ күту көпшілдікке тәр­биелейді. Қазір бүкіл облыс­тарда КТК командалары бар. Дегенмен оларға қолдау керек. Ке­зінде бізге Қазақ ұлттық аграр­лық университетінің ректоры Ті­лектес Есполов, экс-депутат Ка­мал Бұрханов сияқты кісілер тек қаржылай емес, ақыл-кеңес беріп, үнемі қолдау көрсетіп отырды. Егер бізден көмек қажет болса, біз өз тәжірибемізді бөлісуден қаш­паймыз. Қазір команда көп, 5-6 жылда іріктеліп солардың ең мық­тысы қалады. Ол өмірдің заңдылығы.
- Команда көп болса, бәсе­келестік те мықты болады. Оның үстіне егер халықаралық деңгейге шығатын болса олар Қазақстанның намысын жыртады емес пе?
- Әрине, оған сөз жоқ. Бізге Мәскеуде тағы бір-екі жыл ойнау­ға болар еді. Дегенмен қазір біздің жігіттердің көбі отбасылы, бала­лы-шағалы, сондықтан да отба­сы­на да көңіл бөлу қажет деп ше­шіп, басқа жобалармен жұмыс жа­сай бастадық.
- Сендер халықаралық деңгей­де өнер көрсеттіңдер. Сол кезде қа­зақтың қалжыңы мен өзге ұлт­тардың әзілінің арасында қандай да бір ерекшелік байқадыңдар ма?
- Мен өзім тіл маманы, жур­налист емеспін, сондықтан «мұн­дай пікір айтуға Нұрланның қан­дай қақысы бар?» дейтіндер та­бы­лар. Бірақ осы салада он шақ­та жылдан бері жүрген соң өз көңіліме түйген пікірімді білдіруі­ме болатын шығар. Біздің қазақы қалжыңның өз шегі, формуласы бар. Біз үлкен аренаға шыққанда соны сезіп қалдық. Біз қаншама дайындалып, өзіміз риза болып дайындап барған әзіл-қал­жыңы­мызды өзгелер түсінбейді, тіпті күлмейді. Біз қазақы қалжыңды сыртындағы қалыбын өзгертіп, бірақ формуласын қалдырып ұсы­нып көріп едік, сонда ғана өзгелер де бізді түсініп, қабылдай бастады. Кавказдықтар, Мәскеу ойыншы­лары «Қазақ қалжыңдарының өз формуласы бар, тікелей дөрекі қал­жың айтпайсыңдар, бір ой қал­дырып кетесіңдер және адам­ды ұялдырасыңдар» дейді.
- Қазақта «Әзіл түбі – зіл» деген бар емес пе?
- Біз соны мақсат тұтпасақ та, өз-өзінен келіп тұрады екен. Бұл қанға сіңген қасиеттен болар, кім білсін?! Орыстармен тікелей ашық айқасқа түспей, «біз жары­сып жатқан жоқпыз, біз елімізді, халқымыздың әзіл-қалжыңын көрсетіп жатырмыз» деп жарысқа түстік. Екінші орынды беруінің өзі қазақтың қалжыңын мойын­дағаны деп ұққанымыз жөн. Кей­бір кісілер «Қазақтың әзілін мо­йын­дайтын, мойындамайтын орыс­тар кім сонша?» деуі мүмкін. Менің ойымша, «Көршіні таң­дамайсың», көршілер ғасырлар бойы тұрып жатыр, сондықтан тату өмір сүрген де дұрыс және орыстың жері әлемнің үшінші бөлігін алып жатыр емес пе? Он­ың үстіне көптеген халық орыстың тілінде сөйлейді. Сондықтан да орыс тілінде КТК ойнау, орыстың тілінде қазақтың әдемі әзілін жеткізу менің намысыма тимейді. Өйткені қай тілде жеткізсең де сен өзіңнің ұлтыңның, еліңнің атынан шығып тұрсың, сол ар­қылы сен өзіңді, өз еліңді мойын­датасың. «Тіл – қару».
- КТК-да өсіп шыққан жігіттер қазір салмақты жобалармен айна­лыса бастады? Соның бірі Тұрсын­бек Қабатов Астанада білдей бір театрды басқарып отыр. Болашақта осындай театр ашу жоспарларыңда бар ма?
- Театр халық үшін, театр қи­мыл, көрерменмен тікелей байла­ныс. Мақсаты – халыққа өнер сыйлау. Маған телевизия сала­сында қызмет ету ұнайды. Сон­дықтан да осы салада әлі де бір­талай жобаларды іске асырсам деген мақсатым бар. Адам қолы­нан келетін іспен айналысу керек. Қазір қасымда жүрген достарым­мен бірге осы саланы игеруді мақ­сат еттік пе, соған қол жеткізу үшін барынша жұмыс жасап жа­тырмыз. Өйткені телевизия да өте ауқымды сала. Мысалы, «Қазақша концерт» деген бағдарлама аш­тық, оны әлі өз деңгейіне жетті деп айтуға болмайды. Бағдар­ла­маны әлі де жандандыра түсу ке­рек. Оған көп қаражат қажет бо­ла­ды. Бізде телевизия саласына қатысты жоспар көп. Соларды ше­тінен іске асырсақ деген ар­манымыз бар.
Ал Тұрсынбек досымыз өзінің жолын тапты. Ол театрдың дирек­торы екенмін деп, шалқайып кре­сло­да отырған жоқ. Сахнаны дайындап, сценарий жазып, тын­бай еңбектеніп жүрген жігіт. Жақ­сы-жақсы әзілдері халықтың ау­зында. Қандай өнерге болса да баға беретін халық қой, Тұрсын­бекке халықтың ықыласы ерекше екенін айтқым келеді. Ол – ха­лыққа ұнаған азамат. Сондықтан да 10 жылдай бірге қызмет жасаған жолдасымызға тек сәттілік тілей­міз.
- Комедиялық фильм түсіреді дегенді құлағымыз шалып қалды.
- Әр жобаға жан-тәнімізді са­лып, шын ниетпен жұмыс жаса­ғымыз келеді. Комедиялық кино түсіреміз дегелі 7 жылдай болды. Дегенмен қыз-жігіттермен ақыл­даса келе сериал түсірсек деген тоқ­тамға келдік. Отбасы болып оты­рып, ұялмай көре беретін бір тар­­тымды сериал түсірсек деген жоспарымыз бар. Сериал «Базар­баевтар» деп аталады. Түсіру жұмыстарын бастап та кеттік.
- Сынға қалайсың? Былтыр Александр Масляковтың «КТК»-сы 50-ге толғанда оған Қазақстан атынан сендер де қатыстыңдар. Сол кезде «Нас объединяют Россия матушка» деп ән салғандарыңды ресейліктерге жағыну деп отандық басылымдар сынға алып жатты.
- Сынау сенің әрбір қадамың­ды халықтың қалт жібермегені деп ұғамын. «Нас объединяют Рос­сия матушка» дегенді бір қазақ айтқан жоқ. Сахнада бұл сөзді Ярослав айтты. Өйткені бұл сөзді кім қалай қабылдайды дегенді біз алдын ала ойладық. Ол жерде біздің қазақстандық құрама ко­ман­да болды. Біз бұл сөзді ла­тыштарға қаратып айттық. «Қа­зақ­стан мен Латвияны біріктіріп, бөліп жатқан Ресей» деген мағына берді. Тарихи, географиялық жа­ғы­­нан дұрыс. Қазақтарға тиіп кет­кені «Россия матушка» деген сөз. Бір мәселенің басы ашық – біз осы сөз арқылы орыстарға, әділ-қазылар алқасына жағамыз деп ойлаған жоқпыз. Егер біз жағым­паздық жасайтын болсақ, КТК-да бір емес, бірнеше рет чемпион болуымыз әбден мүмкін еді. Көп команданың Ресейге жағымпаз­дық жасайтыны көзге көрініп тұрады. Өйткені КТК тек қана адамдарды күлдіруді мақсат тұта­тын жай ойын емес, бұл жерде үлкен идеология жатыр. Ресейдің КТК-сын көрсететін «1 канал» саясатқа керек, өздерінің идеоло­гияларын тарататын арнаның бірі. Оның үстіне КТК-ны жастар көп тамашалайды. 1-ші орынға өзгелерді шығара қойғысы кел­мей­тіні де сондықтан. Өйткені «бүкіл Ресей жақсы көретін ар­нада неге қазақтар бірінші орын алады? Сонда бүкіл ТМД бойынша қазақтар ең ақылды халық па?» деген ой тұр ар жағында.
- Отбасың жайлы берер ауыз айтып өтсең.
- Әйгерім есімді келіншегім, Нұрай деген қызым бар. Ата-анамызбен бірге тұрамыз.
- Әңгімеңе рақмет.

Сұхбаттасқан – Гүлнар Жұмабайқызы